Birgemiz: áreket ýaqyty
QZ
Волонтер болыңыз
Басты бет Жаңалықтар Отбасылық волонтерлік – өмір салты: Андрей мен Марина Лутошкиндердің хикаясы

Отбасылық волонтерлік – өмір салты: Андрей мен Марина Лутошкиндердің хикаясы

20.11.2025 3234 0

Атбасар қаласынан шыққан Андрей мен Марина Лутошкиндердің хикаясы – отбасылық волонтерліктің шынайы үлгісі. Олар он жылдан астам уақыт бойы бүкіл отбасымен волонтерлікпен айналысып, өз жобаларын іске асырып, балаларды, әріптестерді және көршілерді шабыттандырып келеді. Біз Лутошкиндер отбасымен алғашқы қадамдары, отбасылық құндылықтары және волонтерліктің қалай олардың өмір салтына айналғаны туралы сөйлестік.

Волонтер болу сіздер үшін нені білдіреді?

Марина:

«Біз Андрей екеуміз отбасылық белсенді волонтерлікті жеке үлгіміз арқылы насихаттап жүрміз. Мен үшін волонтерлік – жай ғана іс емес, өмірімнің ажырамас бөлігі. Оның негізі жасөспірім кезімде қаланды, оған ата-анам — Наталья Михайловна мен Василий Григорьевич Пелих себеп болды. Олар – танымал волонтерлер, “Целина” қоғамдық қорының негізін қалаушылар. Жиырма жыл бойы олар біздің қаламыз үшін көптеген игі істер атқарды. Олар – мен үшін нағыз волонтерлік отбасының үлгісі. Бүгінде: бізде волонтерлер әулеті бар – ата-аналар, бауырларымның отбасы, біздің отбасымыз және енді біздің балаларымыз да бұл дәстүрді жалғастырып келеді деп мақтанышпен айта аламыз».

Андрей:

«Марина волонтерлік тәжірибенің ата-анадан балаға берілуі туралы айтты, ал мен тағы бір жолын қосқым келеді: волонтерге ғашық болып, оған үйленуге де болады! Міне, отбасылық волонтерлік осылай басталады – ортақ жүрек пен ортақ құндылықтардан».

         Қандай волонтерлік бағыттар сіздерге жақын?

«Отбасымызды құрған соң, біз бірге волонтерлікпен айналыса бастадық. Біздің тәжірибеміз – 10 жылдан асады. 2020 жылы “Лутошкиндер отбасы” атты бастамашыл топ құрдық. Осы уақыт ішінде 20-дан астам өз жобаларымызды жүзеге асырып, республикалық және облыстық бастамаларға белсенді қатыстық.

Бағыттарымыз әртүрлі: экологиялық, медициналық, әлеуметтік волонтерлік, жануарларға көмек, ТЖ саласындағы волонтерлік, тарихи-мәдени жобалар.

Бірақ барлығын біріктіретін нәрсе – білім беру элементінің болуы, отбасылық және балалар волонтерлігін дамыту, буындар арасындағы байланысты күшейту және отбасы құндылықтарын насихаттау».

Волонтерлік сіздерге жеке және кәсіби тұрғыда қалай әсер етті?

«Біздің отбасымыз үшін волонтерлік – адамдардың өмірін, соның ішінде өз өмірімізді жақсы жаққа өзгерту мүмкіндігі. Бұл – жаңа жерлерді көруге, жаңа адамдармен танысуға, түрлі жобаларда жұмыс істеу арқылы баға жетпес тәжірибе жинауға мүмкіндік.

Біз адамдармен дұрыс коммуникация құруды, мықты жобалық өтінімдер жазуды, құжат жүргізуді, есеп тапсыруды, стресске төтеп беруді үйрендік.

Жобаларда алған барлық дағдыларымыз жеке өмірде де, кәсіби салада да пайдасын тигізеді».

Қандай қиындықтар болды және оларды қалай еңсердіңіздер?

«Қиындықтар болмай тұрмайды. Бірақ олар бізді тоқтатпайды, керісінше алға жетелейді. Жаңа жоба бастағанда, әрқашан сол бағыттағы әріптестердің тәжірибесін зерттейміз, міндетті түрде оқудан өтеміз – бүгінде бұл әдіс кез келген үлкен жобаның ажырамас бөлігі. Волонтерлермен белсенді тәжірибе алмасамыз.

Біреу өтініш беріп, ол қабылданбай қалса, көбіне қолын түсіріп қояды. Бірақ бұл дұрыс емес! Біз жыл сайын көп өтінім береміз, бірақ тек біреуі немесе бірнешеуі ғана өтеді. Бұл біз үшін бір-ақ нәрсені білдіреді: тәжірибе жинап, дамуды жалғастыру керек!»

         Есте қалған ерекше сәттер бар ма?

«Көп жыл ішінде балалармен, қарттармен, жануарлармен байланысты көптеген жылы естеліктер жиналды. ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерімен кездесулер ерекше орын алады. Олардың көбі қазір өмірде жоқ, бірақ біз олардың әңгімелерін тыңдауға үлгердік. Бұл – тарихпен бетпе-бет кездесу сәті, оны біз ерекше құрметпен сақтап келеміз.

2023 жылы біз үйсіз күшікті – Степаны асырап алдық. Ол ауыр жарақатпен, бір көзінен айырылған күйде табылды. Біз оны өз қамқорлығымызға алдық. 2024 жылы ол тромбоэмболиядан күтпеген жерден қайтыс болды. Күшігіміз – біз үшін жануарларға қатыгездікпен күрестің символына айналды. Оның құрметіне жануарларға гумандық қарым-қатынасты дамытуға арналған “Степашка” атты жобасы құрдық».

Волонтерлікті отбасы, жұмыс, күнделікті өмірмен қалай үйлестіресіздер?

«Біз волонтерлікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырдық. Балаларымыз кішкентайынан бізбен бірге акцияларға қатысады. Отбасылық волонтерліктің біз үшін бірнеше артықшылығы бар:

  1. Отбасы – дайын команда
  2. Отбасы – қолдау
  3. Бұл – керемет отбасыдық демалыс
  4. Бұл – азаматтық белсенділікті жеке үлгі арқылы тәрбиелеу»

         Волонтер болуды ойлап жүргендерге қандай кеңес берер едіңіздер?

«Бүгінде волонтерлік – заманауи адамның өмір салты. ДДСҰ(Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы) деректері бойынша әлемде бір миллиардтан астам адам волонтерлікпен айналысады.

Егер олар бастай алған болса – сіз де бастай аласыз!

Волонтерліктің тиімді болуы үшін түрлі бағыттарды байқап көріп, өзіңе жақынын табу маңызды. Ғылыми тұрғыда, біреуге көмектескен сайын біздің бақыт деңгейіміз артатыны дәлелденген.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, жолда кезіккен барлық волонтерлерге және жақсы адамдарға алғыс айтамыз! Сіздердің ізгілік пен жанкештіліктеріңіз қоғамды жақсартады.

Әр волонтердің жүрегіне жақын сөздермен аяқтағымыз келеді. Ник Вуйчич айтқандай:

“Басқаларға қызмет еткенде, сенің жүрегің жазылады. Біреуге көмектесу арқылы – жақсылық дәнін сеп, сонда сені өзгертетін өмір – өз өмірің екенін түсінесің.”

@qazvolunteer.kz

 

 

 

Соңғы жаңалықтар
20.11.2025 3210 0
Отбасылық волонтерлік – өмір салты: Андрей мен Марина Лутошкиндердің хикаясы
Толығырақ
18.11.2025 86 0
«Жыл волонтері – 2025» халықаралық сыйлығының жеңімпаздары!
Толығырақ
18.11.2025 634 0
Салалық волонтерлікті дамытуға арналған әдістемелік нұсқаулықтар жарық көрді!
Толығырақ
Әлеуметтік желілерде оқыңыз
Барлық оқиғалармен жаңартыңыз
Спасибо! ваша заявка отправлена