Birgemiz: áreket ýaqyty
EN
Become a volunteer
Home News Жақсылықты саналы түрде жасау: корпоративтік волонтер Даулет Кибатовтың хикаясы

Жақсылықты саналы түрде жасау: корпоративтік волонтер Даулет Кибатовтың хикаясы

08.10.2025 5025 0

Қазақстандағы корпоративтік волонтерлік бір реттік қайырымдылық акцияларынан әлдеқашан асып түсті. Бүгінде ол көптеген қызметкерлердің өмірінің және кәсіби құндылықтарының ажырамас бөлігіне айналды. Сол жандардың бірі – «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкері, Астана қаласынан Даулет Кибатов, әрі KMG Volunteers қозғалысының белсенді қатысушысы. Біз Даулетпен оның волонтерлік жолы қалай басталғаны және бұл қызметтің адамдар мен қоғамды қалай өзгертетіні туралы сөйлестік.

          Волонтерлікке қалай келдіңіз? Сол жолда шешуші сәт болған ба?

Волонтерлікке бірден келген жоқпын – бәрі көмектескім келген қарапайым ниеттен басталды. Бір қыс күні әріптестеріммен бірге өмірлік қиын жағдайға тап болған бір отбасы жайлы білдік: алты баланы жалғыз өзі бағып отырған ана, ал олардың тұрып жатқан уақытша баспанасында ең қажетті заттардың өзі болмаған. Біз бейжай қалмай, жас мамандар арасында қаражат жинап, азық-түлік, киім, ойыншық сатып алып, бәрін өзіміз апарып бердік.

Балалардың шынайы күлкісін, ананың алғысын көрген сәт – мен үшін бетбұрыс болды. Сол кезде түсіндім: адамдарға анда-санда емес, саналы түрде, жүрекпен көмектесу керек.

Содан кейін біз әріптестерімізбен бірге балалар үйіне, аз қамтылған отбасыларға көмектесу, экологиялық акцияларға қатысу сияқты түрлі игі бастамаларды жиі ұйымдастыра бастадық. Уақыт өте келе волонтерлік жай ғана ізгі іс емес, өмірімнің және кәсіби құндылықтарымның бір бөлігіне айналды. Осы түсінік мені корпоративтік волонтерлікке және KMG Volunteers қозғалысына алып келді.

Компанияңызда волонтерліктің қандай бағыттары дамып келеді?

Біздің компанияда түрлі бағыттағы әлеуметтік және экологиялық бастамаларға белсенді қатысамыз. Жыл сайын қасиетті Рамазан айында әріптестерімізбен бірге азық-түлік себеттерін дайындап, мұқтаж отбасыларға жеткіземіз. Арнайы күтімді қажет ететін балаларды қолдаймыз, олардың кішкентай армандарын орындауға тырысамыз. Командамыздың қамқорлығында бірнеше отбасы бар, оларға тұрақты түрде көмек көрсетеміз. Сондай-ақ экологиялық акцияларға қатысып, ағаш егіп, аумақтарды тазалаймыз, қоғамдық орындарды абаттандырамыз. Қыс мезгілінде қарттарға көмектесіп, қар тазалаймыз, шаруашылық істерге жәрдем береміз. Осындай әрбір іс бізді біріктіріп, шынайы өзгеріс қарапайым, жүректен шыққан әрекеттен басталатынын еске салады.

Волонтерлік сізге адам және маман ретінде не береді?

Мен үшін волонтерлік – жақсылық жасау арқылы өз әрекетіңнің мәнін сезіну мүмкіндігі. Бұл – эмпатияны, жауапкершілікті және командада жұмыс істеу қабілетін дамытады. Кәсіби тұрғыдан ол адамдарды жақсырақ түсінуге, сабырлырақ, ізгілікті және бастамашыл болуға үйретеді. Мұндай қасиеттер тек жұмыста емес, өмірде де маңызды. Балалар үйіне барған кезде олардың шынайы күлкісін көріп, өмірге басқа көзбен қарай бастайсың, қарапайым адами эмоциялардың қадірін түсінесің.


Корпоративтік волонтерлік компания ішіндегі атмосфераға қалай әсер етеді?

Корпоративтік волонтерлік адамдарды біріктіреді. Ол әріптестерге бір-бірін тек кәсіби маман ретінде емес, жүрегі жылы адам ретінде көруге мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар компанияда сенім мен командалық рухты нығайтып, жағымды орта қалыптастырады.
«ҚазТрансОйл» басшылығы волонтерлерді белсенді түрде қолдайды: ізгі істерге уақыт бөлуге мүмкіндік береді, ұйымдастыруда көмектеседі, белсенділерді корпоративтік деңгейде марапаттайды. Осындай қолдау қызметкерлерді жаңа бастамаларға шабыттандырады және волонтерлікті дамытудың нақты үлгісіне айналдырады.

Волонтерлікті бастағысы келетін, бірақ әлі шешім қабылдай алмай жүрген жандарға не айтар едіңіз?

Жай ғана бастаңыз. Алғашқы қадам кейде қиын көрінуі мүмкін, бірақ бір рет бастаған соң оның қаншалықты маңызды және рухтандыратынын түсінесіз. Волонтерлік көп нәрсе талап етпейді – бастысы, көмектесуге деген шын ниет. Тіпті ең кішкентай игі іс те үлкен мағынаға ие.

Сіздің ойыңызша, корпоративтік волонтерлік қоғам үшін неліктен маңызды?

Корпоративтік волонтерлік – компания имиджінің бөлігі ғана емес, қоғам дамуына қосқан нақты үлес. Қызметкерлер бір мақсатта бірігіп, игі істер жасаса, бұл тек ұжым ішінде де, бүкіл қоғамда да жағымды өзгерістер тізбегін қалыптастырады.

Даулет Кибатовтың хикаясы көрсеткендей, волонтерлік – бұл үлкен жүрек пен әрекеттегі жауапкершілік. Жақсылық жасау – үлкен бастамалардың емес, кішігірім, бірақ шынайы қадамдардың нәтижесі.

@qazvolunteer.kz

 

Last news
01.11.2025 45 0
SAQ–2025 байқауы басталды!
Read more
24.10.2025 163 0
ИГІ ІСТЕР МАРАФОНЫ ЖАЛҒАСУДА!
Read more
17.10.2025 819 0
«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының финалистері анықталды
Read more
Follow us on social networks
Keep up to date with all events
Спасибо! ваша заявка отправлена