Birgemiz: áreket ýaqyty
QZ
Волонтер болыңыз
Басты бет Жаңалықтар «Әлемді өзгертуге ұмтылған жастар ешқашан жалғыз емес»: Рахматулла Ердәулетпен сұхбат

«Әлемді өзгертуге ұмтылған жастар ешқашан жалғыз емес»: Рахматулла Ердәулетпен сұхбат

23.04.2025 5143 0

Әлеуметтік әділеттілік, ядролық қауіпсіздік пен жасанды интеллект салаларындағы белсенділігімен танылған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Рахматулла Ердәулет Бахытжанұлын Қазақстандағы жас көшбасшылардың жарқын өкілі деуге болады. Ол — АСҚАҚ Коалициясының тең құрылтайшысы, JASA ұйымының негізін қалаушысы және атқарушы директоры, сондай-ақ Людовика мемлекеттік қызмет университетінің (Будапешт, Мажарстан) Хунгарикум стипендиаты. Біз Рахматулламен волонтерлік, көшбасшылық және әлеуметтік өзгерістер туралы әңгімелестік.

Сіздің көзқарасыңыз бойынша, әлеуметтік көшбасшылық дегеніміз не? Бұл ұғымды қалай түсіндіресіз?

Қоғам және әлемдегі көңіл бөлінбейтін бірақ маңызды да өзекті мәселелермен қызығу, өздігінен шешуге бастау я бар қозғалыстарға үлес қосуды әлеуметтік көшбасшылық деп түсінемін.

Сіз әлеуметтік көшбасшы ретінде қандай қасиеттер мен дағдылар маңызды деп санайсыз?

Қазіргі құбылмалы әлемде төзімділік пен табандылық бәрімізге керек деп ойлаймын. Оған қоса, осы саладағы жас көшбасшыларға өзің деген сенімділік пен арқау бола алатын ниеттес, ақыл мен қолдау бере алатын адамдармен шынайы достық қарым-қатынастарды құра білу маңызды деп санаймын.

Әлеуметтік көшбасшылық пен волонтерлік арасында қандай байланыс бар? Бірі екіншісіз мүмкін бе?

Бұл екі сала, қоғамға қызмет етуге бағытталған бауырлас деп білемін және көбіне әлеуметтік көшбасшылар ол кешегі волонтерлер. Дегенмен, көбі волонтерліктен толықтай ажырамай, бәрібір кейде про боно көмек көрсетіп отырады. Бірі екіншісіз мүмкін, бірақ мен үшін бұл жасандылау, мансап құру мен атақ қууға бағытталған жол болып көрінеді. Алайда әр адамның әлеуметтік көшбасшы болу кейсі ерекше.

 

Сіз – Ядролық әділеттілік коалициясының құрылтайшысысыз. Бұл ұйымның басты миссиясы қандай?

"Атомдық Соғысқа Қарсы Алда тұрған Қазақ" Коалициясы бұл атомнан зардап шеккен қауымдастықтар мен олардың жақтастарынан құрылған альянс. Былтыр антиядролық қозғалыстың ақсақалдарының батасын алып, дос-әріптесім Айгерім Сейтеновамен бірге жұмысымызды жаңа деңгейге шығаруға бел будық. Коалиция атауының бірінші әріптерінен АСҚАҚ деген аббревиатура шығып, қазақша "жоғарғы", "ұлы" деген мағыңа береді, әсіресе арман-мақсаттарды сипаттағанда осы сөз қолданылады. Біздің бейүкіметтік, бейкоммерциялық бастамашыл топ үш негізгі принципке сүйенеді: ұрпақтар, ұлттар және әлеуметтік топтар (секциялар) арасында түсіністік пен ынтымақтастық (солидарлық) құру.

Біз Ядролық қаруға тыйым салу туралы Шарттың (қысқаша ЯҚТСШ) – зардап шеккендерге көмек беру, қоршаған ортаны қалпына келтіру және халықаралық ынтымақтастық пен кооперация жөніндегі 6-бап және 7-бап аясында халықаралық адвокация жасаймыз. Яғни, Семей және басқа зардап шеккен өңірлердегі халықтың мүдделері мен ұсыныстарын БҰҰ және басқа да шешім қабылдайтын орталарға жеткізуге ұмтыламыз. Сонымен қоса, ядролық сынақтардан зардап шеккендердің әлеуметтік құқықтарын қорғайтын 1992 жылғы Заң реформасын алға тартамыз.

Жақында Нью-Йоркте өткен іс-шараға қатысып қайттыңыз. Ол жиында қандай негізгі мәселелер көтерілді және сіз үшін ең маңызды ой қандай болды?

ЯҚТСШ жаңа халықаралық қелімсімшарт болса да, ол 2021 жылы іске енді де содан бері оның аясында Шартқа қол қойған Қатысушы-мемлекеттер әр екі жыл сайын жиналып, прогресс пен жаңа міндеттерді айқындайды. Бұндай жиынға алғаш рет Қазақстан жастары боп 2023 жылы қатысып, биыл аға буын өкілдерін қолдап әкелуге тырыстық. Зардап шеккендер мен азаматтық қоғам атынан елімізден 15-тен астам делегат қатысты. АСҚАҚ Коалициясы олардың білімі мен машықтарын арттыру үшін үш онлайн про боно дайындық сессия өткізді.

Сонымен қатар, биыл жылдың басында аталған Шарттың екі маңызды бабы жөнінде ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігімен бірге Орталық Азия азаматтық қоғам өкілдерімен консультациялар өткіздік. Солардың нәтижесінде белсенділердің саяси ұсыныстары тыңдалды. Осы жұмыспен қатар, біз зардап шеккендер арасында қажеттіліктер мен мәселелерді анықтау үшін сауалнама жүргізіп, оны Айгерім Сейтенова екеуіміз талдап, БҰҰ-ға Есеп құжат ретінде жібердік. Ол жерде консультацияларда айтылған рекомендациялармен қатар, зардап шеккендердің ортақ ұсыныс-талаптар тізімі көрсетілген. Бұл Есеп бәріне ашық және сілтеме бойынша онымен танысуға болады: https://docs-library.unoda.org/Treaty_on_the_Prohibition_of_Nuclear_Weapons_-ThirdMeeting_of_States_Parties_(2025)/TPNW_MSP_2025_NGO_23_Qazaq_Nuclear_Frontline_Coalition.pdf.

Биылғы ЯҚСТШ-ға Қатысушы-мемлекеттер конференциясында Қазақстан үкіметі Төраға болса, біздің азаматтық қоғам "бейресми төрағалық" етті. Бір аптаның ішінде біз 8 іс-шара ұйымдастырдық, Айгерім Сейтенова радиацияның Қазақстан әйелдері мен қыздарына әсері туралы "JARA" атты тұңғыш деректі фильм түсіріп, тұсаукесерін БҰҰ-да өткізді. Оған қоса, зардап шеккен қауымдастықтар мен олардың жақтастары атынан БҰҰ Қамқоршылық кеңесінде, Конференция пленарлық сессиясында тұңғыш рет сөз (Statement) сөйледік. Оны Комитет Полигон-21” және басқа да ұйымдар қолдап, растады. Биылғы Конференциядан кейінгі басты түйін ол ешқандай (қатысу шығындарын өтейтін гранттардан бөлек) қаржыландырусыз, екі белсенді осыншама көп жұмысты абыроймен атқаруы мүмкін. Қазір қолдау мен командамызды үлкейтсек, еліміз бен дүниежүзі үшін қандай импакт жасай алатынын келер жылдары көруге болады. Елімізде бейбітшілікке ұмтылған антиядролық қозғалыс 2020-2021 жылдардан бері жаңғыра бастады және жылдан жылға біз жаңа ойыншылармен бірігіп, өзгерістер жасай аламыз деп кәміл сенемін.

Қазіргі таңда Қазақстанда волонтерлік мәдениет қалай дамып келеді деп ойлайсыз? Бізде әлеуметтік көшбасшылықты нығайту үшін не істеу керек?

Жылдар бойы волонтерлер қауымдастығы дамытқан және ұсынған жобалар ел деңгейінде іске асып, волонтеризмді жаңа деңгейге көтерді, бұл мәдениетті тездетті. Меніңше, бұл жолдан таймай, халық пен ел мүддесі үшін қызмет етіп жатқан азаматтар мен ұйымдарға тосқауылдар жасамай, жаңа мүмкіндіктер мен жағдай жасай беру керек.

 

Жастар арасында әлеуметтік жауапкершілік пен белсенді азаматтық позицияны қалыптастырудың қандай тиімді жолдары бар деп ойлайсыз?

Жаңа буынды осы қозғалыстарға тарту үшін оларға ең алдымен білім мен мүмкіндіктер ретінде инвестиция құю керек. Бұндай жастар бар және көбін тез арада оятып жіберуге болады. Бұл қаншалықты маңызды және қандай жағымды өзгерістерге әкеле алатынын көрсете білуіміз керек. Ең тиімді жолдардың бірі ол осы саладағы мүмкіндіктер туралы кеңінен бөлісу, бұрын соңды бұған қызықпай араласпағандарды шақыру. Осылайша біз әлеуметтік жауапкершілікті демократизациялап, жаңа жарқын жандарға жол аша аламыз.

Волонтерлікпен айналысу адамдардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға қалай көмектеседі? Сіздің жеке тәжірибеңізден мысал келтіре аласыз ба?

Волонтерлік коммуникациялық және адамдарды координациялау машықтарын жетілдіре алады. Климаттық әділет, азаматтық және адам құқықтары саласында белсенділік пен волонтерліктен кейін, мен ядролық мәселелер және Жасанды Интеллект (ЖИ) саясаты жолына түстім. Алдыңғы және басқа да тәжірибелер мен таныстар қосылып, маған бүгін және келешек басқа салаларда да көмектеседі.

Әлеуметтік өзгерістерге ұмтылатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Олар өз бастамаларын қалай тиімді жүзеге асыра алады?

Іздену, білім мен тәжірибе қуу, бәрімен шынайы кәсіби әрі достық қатынас құрып, ортақ асқақ мақсаттар үшін аянбай еңбек ету. Кез келген бастаманы алдымен одан пайда көре алатын тараптар арасында зерттеу жасап, сіздің интервенцияңыз шынымен релевантты, тиімді бола ма деген сұраққа бастапқы жауаптар алып көру керек. Кейінен жоба мен команданы орнықты дамыту үшін ресурстар мен қолдау қажет. Ол кейде толық, жартылай болады да кейде мүлдем аз болады, бірақ бұл сіздің бұл жолдан тайып, кетуіне себеп болмауы керек.

Болашақта әлеуметтік көшбасшылар мен волонтерлер үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылады деп ойлайсыз?

Мен дамытып жатқан екінші ұйым, JASA, Жасанды Зиятты басқару және оның айналасындағы саясат мәселелерімен айналысуға тырысады. Былтыр Таяу Шығыстағы іс-шараларға толы болды. JASA Біріккен Араб Әмірліктері астанасы Абу-Даби мен Йордания елордасы Амманда халықаралық конференцияларға қатысып, жастар атынан панельдік сессиялар мен басқа іс-шараларда сөз сөйледі. Бұл ұйым да жақын арада жаңа мүмкіндіктер мен адамдарды қатарына қосып, жаңа деңгейге шықпақ. Меніңше, Қазақстан мен Орталық Азияда, және тіпті әлемде, бұл мәселе енді көтеріліп жатқасын, біздің жастарға ЖИ-ды қолданып қоймай, оның дамуына және реттелуіне әсер ете білуі керек.

Коалициялар профильдеріне сілтемелер: LI, BS, IG. Мен: IG, BS, LI, X. Және JASA

@qazvolunteer.kz

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар
23.04.2025 167 0
Кітап сүйер оқырман – сіздердің кезектеріңіз келді!
Толығырақ
23.04.2025 5100 0
«Әлемді өзгертуге ұмтылған жастар ешқашан жалғыз емес»: Рахматулла Ердәулетпен сұхбат
Толығырақ
15.04.2025 407 0
«Игі істер марафоны» аясында 800-ден астам игі іс жасалды!
Толығырақ
Әлеуметтік желілерде оқыңыз
Барлық оқиғалармен жаңартыңыз
Спасибо! ваша заявка отправлена