Birgemiz: áreket ýaqyty
EN
Become a volunteer
Home News Жұлдыздың волонтерлік жолы: шабыт, жауапкершілік және шынайы ықылас

Жұлдыздың волонтерлік жолы: шабыт, жауапкершілік және шынайы ықылас

05.05.2025 8806 0

Волонтерлік – бұл жай көмек емес, бұл өмірлік көзқарас. Ол жүректен басталып, әрекетпен жалғасатын құндылықтар жүйесі. Бүгін біз сіздерді Жұлдызбен таныстырғымыз келеді — ұстаз, волонтер және шабыттандырушы адам. Оның оқиғасы қоғамға үлес қосқысы келетін кез келген жанға шабыт бола алады.

Өзіңіз туралы 

Менің атым – Жұлдыз. Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келіп, қазіргі таңда №41 мектеп-лицейінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаудамын.

Сізді волонтер болуға не шабыттандырды?

Волонтерлікке деген шабыт ең алғаш мектеп кезінен басталды.
Жоғары буынның кіші буынға қамқорлығы мен ұстаздарға деген ілтипаты, менің бойымда айналаға деген қамқорлық пен жанашырлық сезімдерін оятып, волонтерлік істермен жалғасты.

Былай қарап отырсам, мені волонтерлікке шабыттандырған да, жетелеген де – мектеп болды.
Мектепте, мәжіліс залында іс-шара өтейін деп жатқанда, кейде орындықтар жетіспей қалатын, сол орындықтарды ішке қарай тасып, залдың ішін безендіруге қолғабыс болған оқушылардың бірі өзім едім.

Ал, демалыс күндері, табиғатқа, қоршаған ортаға қамқорлық жасау мақсатында, сыныбымызбен бірге аулада ағаш отырғызып, қоқыстарды жинап, көгалдандыру жұмыстарын да жүргізетінбіз.

Осы сәттер менің қоғамға пайда тигізуімдегі алғашқы қадамдарымның бірі еді.

Қай волонтерлік оқиға немесе жоба сіздің есіңізде ерекше қалды және неге?

Есімде ерекше сақталып қалған волонтерлік жобалардың бірі – ЮНИСЕФ Қазақстан мен Ұлттық Волонтерлік Желі бірлесіп ұйымдастырған “Volunteering for Education” жобасы. Бұл жобаның басты мақсаты – шалғай аудандардағы оқушыларға әртүрлі пәндер бойынша түсінбеген тақырыптарды қызықты әрі қолжетімді түрде түсіндіріп, үй тапсырмаларын орындауға көмектесу арқылы олардың білімін жетілдіру болды.

Бұл жобаның маңыздылығы мені әлі күнге дейін ерекше толғандырды, себебі ауылдағы балалардың білімге деген шынайы қызығушылығын көріп, олардың дамуына аз да болса үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе әрі шабыт көзі болды.

Сіздің көмегіңіз біреудің өмірін шынымен өзгерткен жағдай болды ма?

Иә, ондай жағдай орын алған болатын.

"Volunteering for Education" жобасы барысында мені бір оқушыға ағылшын тілін дамытуға көмектесетін ментор ретінде тағайындады.

Бастапқыда ол оқушым ағылшын тілінде өз ойын жеткізуден ұялып, жауап берейін десе бір нәрсе қатты тежейтінін байқайтынмын. Кейін өзінен сұрағанымда, ол өзінің, негізінде барлық адамдарда бар "акцентінен" қысылатындығын айтып, ыңғайсызданып қалды.

Осылай, менің ең алғашқы сабақтарым, грамматика емес, тілдің фонетикасын басталып, күнделікті жаттығулар мен жүйелі сабақтар арқылы, қолдау арқылы біртіндеп бұл тілдік кедергіні де еңсеріп өттік.

Ең бірінші ұстаз, кейін волонтер ретінде, оқушымның бойындағы ынтаны ояту, әр жетістігіне қолдау көрсетіп, сенім беру – мен үшін маңызды.

Бүгінде сол оқушым Еуропада оқуын жалғастырып, ағылшын тілінде еркін сөйлеп, ойын анық әрі сенімді жеткізе алатын деңгейге жетті.

Оның бұл жетістігі — мен үшін үлкен қуаныш пен мақтаныш.

Волонтерлік арқылы өзіңізде қандай жеке қасиеттерді дамыттыңыз?

Волонтер болу маған түрлі жағдайларда тез әрі тиімді шешімдерді қабылдай алуды, әртүрлі типтегі адамдармен, ұжыммен жұмыс істей алу дағдыларын және ортада көшбасшылық, жауапкершілік пен шыдамдылық қасиеттерін дамытуға көмектесті.

Қандай қиындықтарға тап болдыңыз және оларды қалай еңсердіңіз?

Волонтер екендігімді айтқан кезде, көп адамдар волонтерлік жұмыстың маңыздылығын түсінбей, құнсыздандырып уақытты текке құрту екендігін айтып, райымнан қайтаруға тырысты.

Алғашқыда осы сөздер мен үшін ауыр болатын, алайда волонтерлік жобаларға қатысып нақты нәтижелер мен жақсы жаққа өзгерген өмірлерді көргенімде, волонтерліктің мені шабыттандырып, істеген әр ісімнің текке емес екендігін көрсетіп, керісінше жігерлендіретініне куә болдым.

Волонтерлік қызметі сіздің дүниетанымыңызға қалай әсер етті?

"Тірліктің күші — бірлікте" – демекші, волонтерлік менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Бұрын әлемді өзгерту қиын десем, қазір әр адамның шағын істер арқылы да үлкен өзгеріс жасай алатынына көзім жетті.

Волонтерлік арқылы өмірлік басымдықтарыңыз немесе кәсіби мақсаттарыңыз өзгерді ме?

Менің ойымша, волонтерлік – менің өмірлік құндылықтарым мен кәсіби мақсаттарымды айқындап, маңыздылығын кеңейте түсті.

Қазіргі таңда мен тек пән мұғалімі, сынып жетекші ғана емес, American Corner Oral-да өткізіліп жатырған "English for Life" жобасының жетекшісімін. Бұл жобаны құру себебім – әртүрлі әлеуметтік ортадан шыққан оқушыларға ағылшын тілін үйретіп, олардың функционалдық сауаттылығын арттыруға көмектесу.

Жобаны жүзеге асыру барысындағы менің мақсатым — білім беру арқылы адамдардың өміріне оң өзгеріс әкелу.

Алда кәсіби мақсатымды волонтерлікпен байланыстыра отырып, осындай жобалардың ауқымын кеңейткім келеді.

 

Волонтерлік туралы қандай стереотиптермен бетпе-бет келдіңіз?

Волонтерлікпен айналыса бастағанда ең жиі кездескен стереотиптердің бірі — «волонтерлер тек бос уақыты көп адамдар» немесе «волонтерлік – ақысыз жұмыс, сондықтан ол маңызды емес» деген қате түсінік болды.

Шын мәнінде, волонтерлер – қоғамға жан-тәнімен үлес қосқысы келетін, белсенді әрі жауапкершілікті сезіне алатын адамдар.

Волонтерлік – бұл тек көмек емес, ол тәжірибе, даму, жаңа адамдармен танысу және өмірлік құндылықтарды қайта қарау жолы.

Волонтерлікпен айналысқысы келіп жүрген, бірақ батылы жетпей жүрген адамдарға не айтар едіңіз?

Егер сіздің жүрегіңізде көмектесуге деген ниет болса — бұл волонтерлікке алғашқы және ең маңызды қадам. Батылдық кейде бір ғана әрекеттен, кішкентай бастамадан туады. Бір адамның күлкісіне себеп болу, бір оқушыға көмектесу, бір шарада қолдау көрсету — бәрі үлкен өзгерістердің бастауы болуы мүмкін.

Кейде өзіміз жасаған кішкентай істердің қаншалықты үлкен мағынаға ие екенін байқамаймыз. Бірақ уақыт өте келе сіз өз үлесіңізбен біреудің өміріне сенім, үміт сыйлағаныңызды түсінесіз.

Әрбір өзгеріс — кішкентай батыл әрекеттен басталатынын ұмытпаңыз.

Волонтерлік қызметінде сіз үшін ең маңызды құндылық қандай?

Волонтерлік қызметінде мен үшін ең маңызды құндылық — адамдарға шынайы ықыласпен көмектесу.

Шынайы жанашырлық пен мейірімділік арқылы ғана волонтерлік жұмыс өз мәнін табады деп санаймын.

Жұлдыздың оқиғасы – бұл мыңдаған волонтерлердің ішіндегі бір жарқын мысал. Оның тәжірибесі волонтерліктің қоғамға және жеке адамдарға қандай үлкен әсер ете алатынын дәлелдейді.

@qazvolunteer.kz

Last news
08.05.2025 81 0
Күнтізбедегі игі істердің тағы бір айрықша күні — 9 мамыр, Жеңіс күні!
Read more
05.05.2025 8794 0
Жұлдыздың волонтерлік жолы: шабыт, жауапкершілік және шынайы ықылас
Read more
02.05.2025 1127 0
«ЖАЗҒЫ ВОЛОНТЕРЛЕР МЕКТЕБІНЕ» ҚАТЫСУҒА КОНКУРС ЖАРИЯЛАЙМЫЗ!
Read more
Follow us on social networks
Keep up to date with all events
Спасибо! ваша заявка отправлена