Birgemiz: áreket ýaqyty
EN
Become a volunteer
Home News Корпоративтік волонтерлік – компания мәдениетінің бір бөлігі: Меруерт Бигимбаевамен сұхбат

Корпоративтік волонтерлік – компания мәдениетінің бір бөлігі: Меруерт Бигимбаевамен сұхбат

26.05.2025 1137 0

Бұл сұхбатта біз «Шеврон» компаниясының аудиторы және корпоративтік XYZ – Women Employee Network ұйымының президенті Меруерт Бигимбаевамен әңгімелестік. Меруерт волонтерлік бастамаларға қатысу тәжірибесімен бөлісіп, жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы және корпоративтік волонтерліктің ұжым ішіндегі атмосфераға, жеке мотивацияға және қоғамның тұрақты дамуына қалай әсер ететінін айтып береді.
Меруерттің хикаясы – құндылықтар, қолдау және пайдалы болуға деген ниет қызметкерлерді қалай біріктіріп, корпоративтік мәдениетті нығайтып, нақты әлеуметтік өзгерістерге жол ашатынының жарқын мысалы.

Корпоративтік волонтерлікке қалай келдіңіз? Сіздің бастама нүктеңіз не болды?

Менің волонтерлік жолым студенттік жылдары басталды. Мен KIMEP Friends студенттік ұйымының белсенді мүшесі болдым, онда біз әртүрлі ауқымдағы іс-шараларды ұйымдастырдық – шағын қайырымдылық акциялардан бастап екі мың студентті қабылдау салтанатына дейін.

«Шеврон» компаниясына жұмысқа орналасқан соң, мен бірден XYZ-WEN ұйымына қосылдым. Бұл – компания ішіндегі XYZ ұрпағы мен әйел қызметкерлердің қауымдастығы. Осы ұйым аясында мен әртүрлі бастамалар мен волонтерлік жобаларға қатысуды жалғастырып, корпоративтік мәдениетті және қоғамды дамытуға өз үлесімді қосып келемін.

Компания аясында қандай волонтерлік іс-шараларды жүзеге асырасыздар?

Алматы қаласындағы бастамаларымыздың қатарында ағаш отырғызу және сенбіліктерге қатысу, ауруханаларда қабырғаларды бояу бар. Өткен жылы біз «Солнышко» балалар үйіндегі балалармен бірге 100-ден астам бөлме өсімдіктерін қайта отырғыздық.
Сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру сессияларын ұйымдастырдық: әріптестеріміз өздерінің мансап жолы туралы әңгімелеп, пайдалы кеңестер берді, ал шақырылған кәсіби бағдар маманы балаларға қызығушылықтары мен болашақ мамандық бағытын түсінуге көмектесті.

Бұдан бөлек, қызметкерлеріміз уақытынан бұрын туған сәбилерге арналған киімдер мен ойыншықтар тоқып жатыр – жақын арада бұл бұйымдар перинаталдық орталықтарға тапсырылады.

Волонтерлікке қатысу сізге жеке адам ретінде және кәсіби тұрғыда не береді?

Мен үшін волонтер болу – өмірлік миссия. Мен әрбір күн қоғамға пайда әкелуі керек деп есептеймін. Егер мен бір жақсы іс істей алсам – ол күн босқа өткен жоқ деген сөз.

Сіздің ойыңызша, корпоративтік волонтерлік компания ішіндегі мәдениет пен атмосфераға қалай әсер етеді?

Корпоративтік волонтерлік ұжымды мейірімді әрі біртұтас етеді. Қызметкерлер бір-бірін жақсырақ түсіне бастайды және қолдайды, себебі олар бірге маңызды және игі істер атқарады. Бұл компания ішіндегі атмосфераны жақсартады, сенімді арттырады және өз компаниясына деген мақтаныш сезімін қалыптастырады. Адамдар тек компанияға ғана емес, қоғамға да қызмет етіп жүргендерін сезінеді.

Сіздің өмірлік көзқарасыңызды немесе жұмысыңызды өзгерткен ерекше сәттер болды ма?

Уақытынан бұрын туған сәбилерге арнап тоқылған бұйымдар жобасы мен үшін ерекше әсер етті. Қоқыс жинау – бір бөлек, ал салмағы бір килограммға жетпейтін сәбидің өмірін құтқаруға үлес қоса аласың дегенді түсіну – мүлде басқа деңгей. Бұл менің волонтерлік қызметіме ерекше мағына берді.

Компания қызметкерлердің волонтерлік қызметін қалай қолдайды? Ресурстар, уақыт, қолдау шаралары бар ма?

Иә, компания волонтерлікті белсенді түрде қолдайды. Қызметкерлер волонтерлік жобаларға бос уақытында қатыса алады, бұл ретте көлікпен, құрал-жабдықтармен және ұйымдастырушылық қолдаумен қамтамасыз етіледі.
Волонтерлік бастамалар назардан тыс қалмайды: біз олар туралы ішкі портал арқылы хабарлап, қатысушыларды волонтерлік сертификаттармен марапаттаймыз. Бұл қызметкерлерді ынталандырып қана қоймай, олардың әрқайсысының үлесін маңызды әрі құнды етеді.

Жаңадан волонтерлікке қызметке қатысқысы келіп, бірақ қобалжып жатқан қызметкерлерге не айтар едіңіз?

Бастауға қорықпаңыз – волонтер болу үшін ерекше қабілеттер қажет емес. Көмектесуге деген ниет жеткілікті. Аздан бастаңыз: бір акцияға қатысыңыз немесе әріптестеріңізді қолдаңыз. Бұл қаншалықты қуаныш пен мағына әкелетінін көресіз – өзіңізге де, айналаңыздағы адамдарға да. Сонымен қатар бұл жұмыс барысында сирек араласатын әріптестермен жақын танысып, маңызды бір нәрсенің бөлшегі болуға мүмкіндік береді.

Сіздің ойыңызша, корпоративтік волонтерлік бизнестің тұрақты дамуы мен қоғамдағы оң өзгерістерге қосар үлесіне айнала ала ма?

Корпоративтік волонтерлік – бизнестің әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге шынайы үлес қосуының жолы. Бұл компанияларға өз құндылықтары туралы тек айту ғана емес, нақты әрекет етуге мүмкіндік береді. Қызметкерлер волонтерлікке қатысқанда, қамқорлық, білім беру, экология немесе осал топтарға қолдау көрсету арқылы – бизнес адамдарға жақындай түседі, қоғамның сенімін арттырады және тұрақты дамуды қолдайды.

@qazvolunteer.kz

 

Last news
28.05.2025 3132 0
Корпоративтік волонтерлердің қатысуымен Атырау облыстық балалар ауруханасында «Bala space» коворкинг аймағы ашылды!
Read more
26.05.2025 1130 0
Корпоративтік волонтерлік – компания мәдениетінің бір бөлігі: Меруерт Бигимбаевамен сұхбат
Read more
23.05.2025 697 0
Біз сіздермен көптен күткен жаңалығымызбен қуана бөлісеміз!
Read more
Follow us on social networks
Keep up to date with all events
Спасибо! ваша заявка отправлена