Birgemiz: áreket ýaqyty
EN
Become a volunteer
Home News «Адамдардың тек қана жанында болу — өз алдына үлкен көмек»: Айгерім Төлеубекованың волонтерлік жолы

«Адамдардың тек қана жанында болу — өз алдына үлкен көмек»: Айгерім Төлеубекованың волонтерлік жолы

26.01.2026 35 0

Волонтерлік — бұл тек акциялар, есептер немесе қатысушылар саны ғана емес. Ең алдымен, бұл — адамдар, олардың оқиғалары және жаныңда бейжай қарамайтын адам болған кезде орын алатын тыныш, бірақ маңызды өзгерістер.

Бұл сұхбатта Айгерім волонтерлікке келу жолымен бөлісіп, жүрегінде із қалдырған жобалар туралы, өзі үшін нағыз табысты бастаманың мәні неде екенін және волонтерліктің неге бір реттік іс емес, өмірлік ұстаным екенін әңгімелейді.


Өзіңіз туралы қысқаша айтып беріңізші. Волонтерлікпен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

Мен – Төлеубекова Әйгерім Ғибатқызы, Дүйсенбі Қалматаев атындағы мемлекеттік жоғарғы медицина колледжде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Волонтерлікпен бірнеше жылдан бері айналысып келемін. Бұл салаға келуімнің басты себебі – адамдарға шынайы көмек көрсеткім келуі және қоғамға пайдам тисін деген ішкі ниетім. Сонымен қатар волонтерлік ұйымдардың төрайымы болып келемін, айта кетсем (Ашық жүрек еріктілер, QAZMED медициналық ұйымы, UNICEF). Волонтерлік мен үшін жай ғана іс емес, ол – өмірлік ұстаным, мінезімді шыңдаған, жауапкершілікті үйреткен үлкен мектеп болды.


Өзіңіз үшін осы уақытқа дейінгі ең маңызды жобалар қандай? Қандай жобалар жүзеге асырылды?

Мен үшін ең маңызды жобалар – тікелей адамдардың өміріне әсер еткен жобалар. Мысалы:

Ертіс жағалауындағы тазалық және экологиялық акциялар;

Төтенше жағдайлар қызметімен (МЧС) бірлесіп жүргізілген көмек шаралары;

Қайырымдылық жәрмеңкелері мен әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешек жинау акциялары;

Аудандық және ауылдық деңгейлердегі алғашқы көмек көрсету бойынша волонтерлер жұмысы;

•    UNICEF бірлескен жұмыста, мектеп жасындағы балалармен кибербуллинг және буллинг тақырыбындағы жұмыстар;

•    Мен үшін ең маңызды жобалардың бірі – хосписпен байланысты волонтерлік жұмыстар. Хоспис – өмірінің соңғы кезеңіндегі науқастарға күтім мен қолдау көрсететін ерекше мекеме. Бұл жерде волонтер болу тек физикалық көмек емес, ең алдымен адамға рухани және эмоционалды тірек болу екенін түсіндім.

Хоспистегі жобалар аясында біз науқастармен сөйлесіп, кітап оқып беріп, шағын концерттер ұйымдастырып, мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырыстық. Кейде жай ғана қасында отырып тыңдау да үлкен көмек екенін байқадым. Бұл жоба маған мейірімділік, сабыр және адам өмірінің құндылығын терең сезінуді үйретті.

Сондықтан, хоспис жобасы мен үшін жай іс-шара емес, жүрекпен жасалатын, адамгершілікті шыңдайтын тәжірибе болды.

Бұл жобалардың барлығы қоғамға нақты пайдасын тигізді деп ойлаймын.


Қазір қандай жобалар жүзеге асырылуда? 

Қазіргі таңда бірнеше бағытта жұмыс жүріп жатыр:

Медиа-волонтерлік жобалар – әлеуметтік желілерде пайдалы ақпарат тарату, денсаулық, қауіпсіздік, алғашқы көмек туралы видеолар/посттар жасау.

Төтенше жағдайға дайындық жобалары – өрт, су тасқыны, жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттерді үйрету бойынша шағын тренингтер өткізу.

Спорттық-сауықтыру шаралары – жүгіру күндері, вело-акциялар, салауатты өмір салтын насихаттау.

Қайырымдылық марафондар – белгілі бір науқас балаға немесе отбасына қаражат жинау үшін онлайн/офлайн марафон ұйымдастыру.

Кітап және оқу мәдениеті жобалары – кітап алмасу сөрелері, «бір апта – бір кітап» челлендждері.

Экологиялық бастамалар – сенбіліктер, ағаш отырғызу, табиғатты қорғау акциялары.


Хоспис жобалары (қазіргі жүзеге асырылып жатқан бағыттардың бірі):

Хоспис аясындағы волонтерлік жобалар – паллиативті көмекке мұқтаж жандарға моральдық және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Мұнда негізгі мақсат – емдеу емес, адамның өмір сапасын жақсарту және жалғыз қалдырмау.

Тренингтар ұйымдастыру сонын ішінде студент, мектеп жасындағы балалармен (бопсалау, буллинг) сиякты такырыптар менде ортаға талқыға салып, бұндай істерде қандай әрекет жасау керек туралы сабақтар өткізу де жобалардың бірі болды.

Бұл жобалардың ерекшелігі – тек бір реттік емес, жүйелі түрде жалғасып отыруында. Яғни, нәтиже уақытша емес, ұзақ мерзімді болуына мән беріледі.


Сіз үшін «табысты жоба» деген не? «Бұл – дәл менің ісім» деген ой тудырған жоба бар ма?

Мен үшін табысты жоба – тек көп адам қатысқан немесе әдемі есеп берілген жоба емес. Табысты жоба – бір адамның болса да өміріне оң өзгеріс әкелген, жүректе із қалдырған жоба.

«Бұл – дәл менің ісім» деген ой көбіне әлеуметтік көмек пен медициналық бағыттағы шараларда туады. Мысалы, төтенше жағдай кезінде немесе қиын жағдайға түскен отбасыларға нақты көмек көрсеткен сәттер ерекше есте қалады. Сол кезде адамның көзіне үміт пайда болғанын көру – барлық шаршауды ұмыттырады.

Мен үшін ең үлкен нәтиже – алғыс сөз емес, адамның жүзіндегі тыныштық пен сенім. Сол сезім волонтерлікті жалғастыруға күш береді.


@qazvolunteer.kz

Last news
30.01.2026 23 0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтерлер форумында сөйлеген сөзі
Read more
29.01.2026 165 0
Жастар, экология және төтенше жағдайлар кезіндегі көмек: Қазақстандағы волонтерлік өмірі
Read more
26.01.2026 3 0
«Адамдардың тек қана жанында болу — өз алдына үлкен көмек»: Айгерім Төлеубекованың волонтерлік жолы
Read more
Follow us on social networks
Keep up to date with all events
Спасибо! ваша заявка отправлена