Birgemiz: áreket ýaqyty
EN
Become a volunteer
Home News Волонтерлік жүрекпен: Рауан Омаровамен сұхбат

Волонтерлік жүрекпен: Рауан Омаровамен сұхбат

17.03.2025 2664 0


Волонтерлік – бұл тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар қоғамға өзгеріс әкелудің, жақсылық жасаудың үлкен мүмкіндігі. Бүгін біз Қызылорда қаласынан бастауыш сынып мұғалімі, белсенді волонтер Рауан Омаровамен сұхбаттасып, оның волонтерлікке қалай келгенін, бұл қызметтің өміріне қалай әсер еткенін және жас волонтерлерге қандай кеңес беретінін білдік.

– Рауан ханым, өзіңіз туралы айтып беріңізші.

Менің аты-жөнім – Омарова Рауан Базарбайқызы. Қызылорда қаласында тұрамын, Әлия Молдағұлова атындағы 173 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімімін. Волонтерлік қызметпен 2019 жылдан бері айналысып келемін.

– Волонтерлікке қалай келдіңіз?

2019 жыл – Волонтер жылы деп жарияланған кезде, мен "волонтер" дегеннің не екенін зерттей бастадым. Облыстық жастар орталығына барып, ақпарат алып, волонтер болудың маңыздылығын түсіндім. Осылайша волонтерлік жолымды бастадым.

– Қай бағытта жұмыс істейсіз?

Мен "Қамқор" бағыты бойынша жұмыс істеймін. Бұл бағытта ерекше күтімді қажет ететін балаларға, қарттарға, мұқтаж жандарға көмек көрсету басты мақсатым болып табылады.

– Волонтерлік сіздің өміріңізге қандай өзгеріс әкелді?

Волонтерлік арқылы менің өмірім түбегейлі өзгерді. Біріншіден, адамдарға көмектесу менің күнделікті дағдыма айналды. Көптеген адамдардың алғысын, батасын алып жүрмін. Жаңа орта қалыптасты, достарым көбейді, білімімді жетілдірдім.

– Қайсы жұмыс сіз үшін қиын болды?

ДЦП диагнозы бар балаларға көмек көрсету мен үшін ең қиын тұсы болды. Олардың тез жазылып кетуін тілеймін. Осы балаларға көмектесу үшін демеушілер тауып, ходунок пен арба секілді қажетті құралдар алып беруге тырыстық.

– Бұл қызмет сіздің ішкі дүниеңізге қалай әсер етті?

Волонтер болғаннан бері жүрегім жұмсарып, айналамдағы адамдарға деген мейірімім артты. Көмек беру өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір волонтерлік бағыт бойынша тренер болып қызмет етемін және Қызылорда облыстық Волонтерлар фронт офисінің амбассадорымын. Ұлттық волонтерлер желісіне алғысым шексіз, олар бізді үнемі жаңа білімдермен толықтырып отырады.

– Сізді ерекше әсерге бөлеген оқиғамен бөлісе аласыз ба?

Бірде жалғызбасты соғыс ардагері атамыздың үйін ақтап беру үшін бардық. Жұмыс барысында атаның басынан өткен оқиғаларын тыңдау өте қызықты болды. Соңында үйі жарқырап, жаңа иіс шығып тұрған кезде, атамыз қатты қуанып, "жасырып қойған кәмпиттерімді жеңдер" деп батасын берді. Бұл сәт ешқашан есімнен кетпейді.

– Қандай адамдарға жиі көмектесесіз?

Көбінесе жалғызбасты қарттарға көңіл бөліп, олардың жағдайын сұрап тұруға тырысамын. Сондай-ақ, ерекше білім беруді қажет ететін, үйден оқитын балаларды қуантқанды жақсы көремін.

– Қазіргі уақытта қандай волонтерлік жұмыспен айналысасыз?

Қазіргі уақытта мектеп оқушыларынан құрылған "Қамқор" тобының жетекшісімін. Жас волонтерлерге әрдайым жақсылық жасауды, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіруді, табиғатты аялауды үйретіп жүремін.

– Волонтер болғысы келетін, бірақ сенімсіздік сезінетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Қорықпаңыздар! Волонтерлік тек көмек беру ғана емес, сонымен бірге өзіңізді дамыту, жаңа тәжірибе жинау мүмкіндігі. Бастапқыда кішкентай қадамдар жасаңыз, уақыт өте келе сіз де үлкен өзгерістердің бір бөлігіне айналасыз.

@qazvolunteer.kz

Last news
31.03.2025 21 0
«Игі істер марафонын» қолдап, әлемді бірге жақсылыққа жетелейік!
Read more
30.03.2025 15 0
Волонтерлік ұйымдар мен аймақтық волонтерлік жетекшілерге арналған ақпараттық-танымдық кездесулер жалғасуда!
Read more
25.03.2025 2836 0
Жануарларды құтқару – әлемді құтқару
Read more
Follow us on social networks
Keep up to date with all events
Спасибо! ваша заявка отправлена