Birgemiz: áreket ýaqyty
EN
Become a volunteer
Home News Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттық Ұйымы 2026 жылды Халықаралық Еріктілер жылы деп жариялады»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттық Ұйымы 2026 жылды Халықаралық Еріктілер жылы деп жариялады»

07.01.2026 35 0


Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатынан үзінді


– Қазіргі жастар – өте талапшыл әрі талғампаз. Әлеуметтік желіден олардың «Қазақстан «прайм-дәуірге», яғни, керемет кезеңге қадам басты» дегенін көргенде таңғалдым. Осыған қатысты не айтар едіңіз?

– Жастарымыздың күш-қуаты мол, үміті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-сезімі өте жоғары. Олар – бар ықыласымен болашаққа ұмтылатын отаншыл азаматтар. Дәл осындай өршіл ұстанымның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиындықтарды жеңері сөзсіз.

Жастардың қуанышы орынсыз, тіпті, оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың ой-пікірімен санасқан жөн. Жастар Отанымызға тек жақсылық тілейді. Бұл біздің қоғамымыздың жасампаздық рухын білдіреді.  

Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн.


– Қазақстанның дамуы туралы айтар болсақ, осы жылдан не күтесіз? Алда қандай маңызды оқиғалар болады? Мақсат-мұраттарыңыз қандай? 

– Биыл көп жұмыс істеуіміз қажет екенін айтып өттім. Осы жылы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады.

Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғамымыздың болмысы мен бет-бейнесін түбегейлі өзгертуге тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ, халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін.    

Мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін –  барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады.

Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін
ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуға тиіс.   

Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі.

Мен осы жалпыхалықтық қозғалысты айрықша маңызды идеологиялық акция деп санаймын. Өйткені, тазалық дегеніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғымы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне айналуға тиіс.



– Президент мырза, бүгін өте мазмұнды әңгіме болды. Халықты толғандыратын көптеген маңызды мәселені талқыладық. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын.

– Мен әрдайым қоғамның көңіл-күйі мен азаматтардың мұң-мұқтажын біліп отыруға тырысамын. Түйткілді мәселелер мен жоба-жоспарларды ашық әрі тура айтамын. Қазақстанның әлеуетін еселей түсу үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз бір ел болып, халықтың мүддесін қорғау жолындағы биік мақсатымыздың бәріне жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.


Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

«Turkistan» газеті, 2026 жылғы 5 қаңтар, №1 (1638)


Дереккөзі: https://www.akorda.kz/kz/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-kasym-zhomart-tokaev-kazakstan-zhangyrudyn-zhana-kezenine-kadam-basty-401240

Last news
07.01.2026 29 0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттық Ұйымы 2026 жылды Халықаралық Еріктілер жылы деп жариялады»
Read more
08.12.2025 238 0
Достар! Біз қуанышпен хабарлаймыз: ҮЕҰ үшін жаңа әдістемелік нұсқаулық жарық көрді!
Read more
06.12.2025 238 0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орнықты даму мақсаттарына орай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған сессиясына жолдаған үндеуі
Read more
Follow us on social networks
Keep up to date with all events
Спасибо! ваша заявка отправлена