Birgemiz: áreket ýaqyty
EN
Become a volunteer
Home News Әр адам бір өзгерістің бастауы бола алады

Әр адам бір өзгерістің бастауы бола алады

04.07.2025 5075 0

Милана Сайлаубаевамен — әлеуметтік волонтерлік тәлімгерімен(вожатая) және студенттермен жұмыс істейтін белсендімен сұхбат.

Волонтерлік — ол өмір салтына айналатын, адамды өзгертіп, айналасына үлгі болатын ерекше жол. Бүгін біз Ақмола облысынан шыққан, әлеуметтік волонтерлік саласында тәлімгер болып жүрген және студенттермен жұмыс істейтін Милана Сайлаубаевамен әңгімелесеміз. Ол волонтерлік жолын қалай бастағанын, қандай сәттер жүрегіне ерекше жақын екенін және не себепті әр адам бұл жолға қадам баса алатынын айтып береді.

Өзіңіз туралы айтып беріңіз

Милана Сайлаубаева, Ақмола облысы. Волонтерлік (әлеуметтік волонтерлік) тәлімгер және студенттермен жұмыс бағытымен айналысамын.

Волонтерлік жолыңыз қалай басталды? Бұл іске Сізді шабыттандырған ерекше сәт болды ма?

Волонтерлік жолым 2022 жылы Қазақстан Студенттер Альянсының мүшесі болғанымнан кейін басталды. Алғаш рет экологиялық акцияларға және балалар үйіне барған болатынмын. Сол сәтте «Қолымнан келсе, неге көмектеспеске?» деген ой келді. Содан бері — осы жолдамын.

Сіз волонтерліктің бірнеше бағытын байқап көрдіңіз. Солардың ішінде Сіз үшін ең маңыздысы қайсысы болды және неге?

Волонтерліктің әрбір бағыты маңызды, бірақ мен үшін ерекше орын алатыны — әлеуметтік волонтерлік. Себебі бұл — жүрекпен көмек беру. Әлеуметтік волонтерлік маған адамдардың тағдырына бейжай қарамауды үйретті. Бұл бағытта әр әрекетің — біреудің үміті, біреудің күлімсіреуі. Қиын жағдайға тап болған жанның жанында болу, тыңдай білу, қолдау көрсету — мен үшін жай көмек емес, адамгершіліктің көрінісі.

Сіз үшін волонтер болу нені білдіреді? Бұл — көмектесу, даму, қауымдастықпен байланыс па, әлде басқа бір мағына ма?

Бұл — өмір салты. Жанмен сезіну, жақсылықты сөзбен емес, іспен айту. Волонтерлік менің ішкі қалауым, мені тұлға ретінде қалыптастырған кезең.

Волонтерлік жобаларға қатысу Сізге жеке тұлға ретінде қалай әсер етті — көзқарасыңызға, өз-өзіңізді қабылдауыңызға, ішкі дамуыңызға?

Қарапайым сәттердің қадірін ұғына бастадым. Өзіме сенімділігім артты. Кішкентай ғана іс-әрекет ең соңында үлкен өзгерістерге әкелетінін көрсетті.

Волонтерлік тәжірибе Сізге оқуда, кәсіби өмірде немесе жеке өмірде көмектескен жағдайлар болды ма?

Иә, әрине. Уақыт өте келе мен волонтерлік бағыттағы тренер атандым. Өзім болашақ педагог болғандықтан, көшбасшылық пен шешендік дағдыларымның септігі тиіп жүр.

Волонтер ретінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз және оларды жеңуге не көмектесті?

Кейде қолдаудың жетіспеуі сезіледі. Қоғамда әлі де волонтерлерді түсінбейтін, қолдау көрсетпейтін адамдар бар. Бірақ маған сенген адамдарым мен ішкі сенімім көмектеседі.

Есіңізде ерекше сақталып қалған, жүрегіңізге жылы тиетін волонтерлік оқиға бар ма?

«Жеңіс» жобасы аясында тыл ардагерлеріне гуманитарлық көмек таратқан болатынбыз. Сол кезде әже мен аталардың бізге айтқан тілектері есімде қалды. Келесі оқиға — балалар үйіне барған кездеріміз. Балалардың шынайы күлкісі мен «біз сіздерді күтеміз» деген сөздері ұмытылмас.

Волонтерлікті оқумен, жұмыспен және жеке істеріңізбен қалай ұштастырасыз? Тепе-теңдікті сақтауға не көмектеседі?

Шынын айтсам, бір кездері мен «Барлығына үлгеру» деген принциппен жүрген едім. Бірақ соңғы жылда өз мақсатыма және өмірлік миссияма сай істермен айналысуға тырысамын.

Волонтерлік қызмет арқылы өзіңіз туралы және өмір туралы нені түсіндіңіз? Сіз үшін не ерекше құнды болды?

Ең алдымен, менің кішкентай көмегімнің де біреуге үлкен қуаныш сыйлай алатынын ұқтым. Өзгелерге көмектескен сайын, өзімді де жақсырақ тани бастадым — сабырлы болуды, адамдарды тыңдауды, әртүрлі жағдайларда шешім қабылдауды үйрендім.

Өмір жайлы түсінгенім — нағыз бақыт тек өзің үшін өмір сүруде емес, өзгеге пайдаң тигенде келеді. Қарапайым мейірім, қамқор сөз, бос уақытыңды бөлісу — бұның бәрі үлкен мәнге ие. Волонтерлік мені шынайы байланыстардың, адамгершіліктің, жауапкершіліктің бағасын білуге үйретті. Әр жақсылық өзіңе оралады.

Волонтер болғысы келетін, бірақ уақыты аз немесе сенімсіздік сезімі бар жандарға не айтқыңыз келеді?

Бастау үшін көп нәрсе керек емес. Жүрек пен ниет болса — жеткілікті. Әр адам бір өзгерістің бастауы бола алады.

@qazvolunteer.kz

Last news
31.07.2025 830 0
Бүгін өңірлік волонтерлер фронт-офистерінің жиналысы өтті!
Read more
30.07.2025 6340 0
Сұлулық, мейірімділік және жанашырлық әлемді құтқарады
Read more
29.07.2025 180 0
Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына конкурс жалғасуда
Read more
Follow us on social networks
Keep up to date with all events
Спасибо! ваша заявка отправлена